Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған ерлік сабағын өткізді

Абай облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің әйелдер колониясы қызметкерлері ел қорғау жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен Қазақстанның Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алу мақсатында Жарма ауданы Шуақ ауылындағы орта мектептің 9–11-сынып оқушыларына арналған тағылымды іс-шара өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Батырды еске алу – ерлік сабағы" деп аталған бұл кездесудің басты мақсаты – жас буынды отансүйгіштікке, батырлық пен елге адал қызмет етуге тәрбиелеу, сондай-ақ Халық қаһарманының өмір жолы мен ерлігін кеңінен таныстыру болды.

Іс-шара барысында оқушыларға полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың өмірі мен қызмет жолы туралы деректер ұсынылып, оның ерлігін баяндайтын фотосуреттер мен бейнематериалдар көрсетілді. Кездесу соңында оқушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, батырдың ерлігі жайында сұрақтарға жауап беріп, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Кездесуде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтаудағы маңызды рөлі де ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, оқушылардың арасында ішкі істер саласында қызмет етіп жүрген ата-аналары бар екені айтылып, олардың еңбегіне ризашылық білдірілді.

– Ғазиз Байтасов сынды азаматтардың ерлігі – нағыз батырлық пен антына адалдықтың жарқын үлгісі. Осындай тұлғалардың өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету – біздің азаматтық борышымыз. Ерлердің есімі мен ерлігі ұмытылмай, халық жадында мәңгі сақталуы тиіс, – деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.

– Ғазиз ағаның ерлігі бізге үлкен әсер қалдырды. Ол Отанға деген сүйіспеншіліктің сөзбен емес, іспен дәлелденетінін көрсетті. Өзгенің өмірін сақтау үшін өз өмірін құрбан ету – нағыз ерліктің белгісі. Біз мұндай батырлармен мақтанамыз, – деді жоғары сынып оқушыларының бірі.

Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілікті арттырып, батырлық пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Ғазиз Байтасов сынды ерлердің ерлігі – ел тарихында да, жас жүректерде де мәңгі жаңғырып тұрады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру