Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері мерекелік шара ұйымдастырды

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері алғаш рет ерекше мерекелік шара – Аяз аталар мен Ақшақарлар шеруін ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

№21 мекеме қызметкерлерінен құралған он жұп М.Әуезов алаңында қала тұрғындары мен қонақтарына ғажайып әсер сыйлады.

Шара тосын сыймен басталып, барлық Аяз аталар мен Ақшақарлар ортада жиналып, би флешмобын қойды. Бұл ерекше көрініске балалар мен ата-аналар, қала тұрғындары мен қонақтар да белсене қосылып, мерекелік көңіл күйді бірге бөлісті.

Еештің басты кейіпкерлері – қыстың сиқырлы бейнесіне енген ҚАЖД қызметкерлері. Аяз ата мен Ақшақар рөліндегі бұл жандар қала тұрғындарын Жаңа жылмен құттықтап, балаларға арнап тақпақ пен тілек байқауларын ұйымдастырып, тәтті сыйлықтар таратты. Олар жұртшылықты қуанышқа бөлеп қана қоймай, өздері де ерекше әсерге бөленді.

– Бұл шараны ауқымды етуге тырыстық. Барлық әріптестерімізбен бірге қала тұрғындарын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтауды жоспарладық. Алайда жыл соңындағы қызметтік міндеттеріміздің көптігінен шеру құрамына барлығымыз қатыса алмадық, – дейді ұйымдастырушылар.

Мерекелік көңіл күй шара аяқталғаннан кейін де жалғаса түсті. Қатысушылардың бірі есте қаларлық оқиғаны бөлісті.

– Біз алаңнан қайтып бара жатқанда, кішкентай қызын құшағына алған орта жастағы ер адам бізді қуып жетіп: «Сіздермен суретке түсу қанша тұрады?» – деп қалтасынан ақша шығара бастады. Оның сөзіне алдымен таңданып күлсек, кейін өзіміздің қайырымдылық миссиямызды түсіндірдік. Ер адамның жүзі нұрланып, бізге жүрекжарды алғысын айтып, Жаңа жылға ақжарма тілектерін арнады, – деді.

Осылайша, Аяз аталар мен Ақшақарлар шеруі тек мерекелік шара ғана емес, адамдарды мейірімділікке, ізгілікке үндеген ерекше кеш болды. Бұл күннің есте қалары сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру