Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері оқушыларға ерлік сабағын өткізді

Абай облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері оқушыларға ерлік сабағын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыстық-атқару жүйесі күніне орай Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қауіпсіздігі төмен мекеме қызметкерлері қаладағы әскери бөлім өкілдерімен бірлесіп, орта мектеп оқушыларына арналған ерлік сабағын өткізді. Шараның мақсаты – жас ұрпақ арасында патриоттық рухты қалыптастыру, заңға құрмет сезімін арттыру және қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің маңызын түсіндіру.

Кездесу барысында департамент мамандары оқушыларға қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет атқарудың ерекшеліктері мен оның құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі, қоғам қауіпсіздігі мен заңдылықты сақтаудағы рөлі жөнінде жан-жақты мағлұмат берді. Қызметкерлер өздерінің кәсіби және өмірлік тәжірибелерінен мысал келтіре отырып, тәртіптің, жауапкершіліктің, антқа адалдықтың маңызын атап өтті. Олар жастарды заңға мойынсұнып, елдің нағыз патриоты болуға шақырды.

Шара барысында ерекше назар террористі залалсыздандыру кезінде қаза тапқан құқық қорғау органы қызметкері Газиз Байтасовтың ерлігіне аударылды. Ол өз өмірін қиып, қылмыскерді тоқтату арқылы бейбіт тұрғындарды аман алып қалған еді. Оның ерлігі – батылдықтың, жанқиярлықтың және қызметтік борышқа адалдықтың жарқын үлгісі.

Газиз Байтасовты және қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан қылмыстық-атқару жүйесі мен өзге де құқық қорғау саласы қызметкерлерін еске алу мақсатында қатысушылар бір минут үнсіздік жариялап, құрмет көрсетті.

— Мұндай кездесулер жастардың патриоттық және құқықтық тәрбиесінде үлкен маңызға ие. Олар заңға, мемлекеттік институттарға және қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін күн сайын қамтамасыз етіп жүрген қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді, — деді мекеме бастығының орынбасары Рүстем Берлибеков.

— Енді құқық қорғау қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты қиын әрі жауапты екенін түсіндім. Мұндай кездесулер өмірлік құндылықтарды таңдауға көмектеседі және тәртіп күзетінде тұрған адамдарға құрметпен қарауды үйретеді, — деп бөлісті орта мектеп оқушысы.

Осындай іс-шаралар қылмыстық-атқару жүйесінің беделін арттырып, өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігін күшейтуге, сондай-ақ қоғамға қызмет етуге деген саналы көзқарасын қалыптастыруға зор ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру