Абай облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері тыл ардагерін мерекемен құттықтады
Абай облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері 88 жастағы тыл ардагерін мерекемен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері түзеу мекемесінің ардагері Химиш Абылкасимовтың жұбайы, 88 жастағы тыл ардагері Рымкеш Абылкасимованы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Бұл — Химиш Қожахметұлының қазасынан кейін ардагер анаға жасалған екінші келу. Рымкеш Мукушевна қызметкерлерді қуанышпен қарсы алып, оларды жылы шыраймен қабылдады.
Мерекеге орай қызметкерлер ардагер анаға гүл шоғы мен естелік сыйлықтар табыс етті.
- Химиш Қожахметұлы бұл күнді әрдайым ерекше дайындықпен, жылулықпен қарсы алатын. Сіздердің ол кісіні жоқтатпай келіп жатқандарыңыз менің жанымды ерекше қуанышқа бөлейді. Қызметтеріңе, әріптестеріңе, жолдастарыңа әрқашан адал болыңдар, сонда құрметке лайық боласыңдар, — деп ризашылығын білдірді ардагер ана.
Химиш Абылкасимов қылмыстық-атқару жүйесінде 25 жыл адал қызмет атқарған, мекеме бастығының шаруашылық сұрақтары бойынша орынбасары лауазымынан зейнеткерлікке шыққан тыл ардагері. Бұл жұп Семей облысының әлеуметтік мәселелерін шешуге зор үлес қосқан еңбек адамдары ретінде танылды.