Абай облысы ПД бастығы ІІО ардагерін туған күнімен арнайы барып құттықтады
Абай облысы ПД бастығы ІІО ардагерін туған күнімен арнайы барып құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
18 шілдеде ішкі істер органдарының ардагері Геннадий Цимбал 78 жасқа толды. Осы мерейтойына орай оны Абай облысы полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан жеке барып құттықтады. Ведомство басшысы ардагерге құқық қорғау саласындағы адал еңбегі, құқықтық жүйенің қалыптасуына және дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ жас қызметкерлерді тәрбиелеуге сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді.
Геннадий Цимбал 1947 жылы Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданына қарасты Михайличенково ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Украинадағы Львов қаласында бөлімше командирі ретінде әскери борышын өтеген.
1971 жылы ішкі істер органдарында қызметін Семей облысының Ново-Шульбин аудандық ішкі істер бөлімінде аға тергеуші болып бастаған. Кейінгі жылдары тергеуші, аудандық бөлім бастығының орынбасары, Семей қаласындағы Ленин аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. 1994–1997 жылдары Семей облыстық ішкі істер басқармасын басқарды. 1998 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі қылмыстық полиция департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды.
Қызмет барысында КСРО мен Қазақстан Республикасының бірқатар мемлекеттік наградаларымен марапатталған. Атап айтқанда, "Мінсіз қызметі үшін", "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медальдарымен, "КСРО ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері" атағымен және "Кеңес милициясының үздігі" төсбелгісімен марапатталған.
2000 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі болып келеді. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық және кәсіби қызметке белсене араласып, жас полицейлерге тәлім беріп, құқықтық мәдениетті дамытуға өз үлесін қосып келеді.
— Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіз құқықтық тәртіпті нығайтуға және ішкі істер органдарының дамуына зор үлес қостыңыз. Сіздің принципшілдігіңіз, мемлекеттік көзқарасыңыз және адамгершілік қасиеттеріңіз бірнеше буын полицейлерге үлгі болды. Сізге зор денсаулық, өмірлік күш-жігер, амандық, бақ-береке және мақтанышқа лайықты жаңа жетістіктер тілеймін. Еліңізге сіңірген еңбегіңіз әрдайым құрметке бөлене берсін, — деп атап өтті Абай облысы полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан.