Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы ПД инспекторы зорлық-зомбылық көрген отбасыларға көмек көрсетеді

Отбасылық бақыт — нәзік те қымбат ұғым. Алайда үй ішіндегі жайлылықты айқай-шуға, қорқыныш пен күш көрсетуге құрбан еткен сәтте, бұл тыныштықты қалпына келтіруге шыққан жан бар. Ол — отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің инспекторы Индира Қайралова. Индира туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Индираның әр күні — секунд сайын жоспарланған қызу жұмыс. Әлі жұмыс күні басталмай жатып алғашқы қоңырау түседі.

Телефонның арғы жағындағы әйелдің даусы дірілдей шықты: " Күйеуім тағы ішіп келіп, қорқытып жатыр..."

Инспектор ұзақ ойланып жатпайды — дереу оқиға орнына бет алады. Мұндай шақыртуларға бару үшін тек кәсіби білім мен тәжірибе жеткіліксіз, бұл — үлкен төзім мен мықты рухты талап ететін іс. Себебі әр істің артында — адамның тағдыры, бүлінген үміт, сынған сенім жатыр. Мұндайда тек фактіні тіркеу аздық етеді. Тыңдап, түсініп, сендіріп, ең бастысы — қорғау керек.

Жәбірленушінің өтініші негізінде қажетті құжаттарды рәсімдеген соң, инспектор агрессормен профилактикалық әңгіме өткізеді. Кейде сабырға шақырып түсіндіруге тура келеді, кейде заң шеңберінде нақты шара қолдану қажет болады. Ауыр жағдайларда қорғану ұйғарымын шығарып, әйелді дағдарыс орталығына жіберу туралы шешім қабылданады.

Күннің екінші жартысы — тіркеуде тұрған отбасыларды аралау. Индира Қайралова бұл үйлердің әр есігін, әр бөлмені, тіпті бейтаныс адам көрсек тұйықталып қалатын балалардың жүзін де жақсы таниды. Себебі мұндай алдын алу шаралары көп жағдайда кезекті жанжалдың алдын алуға сеп болады.

Кешкілік — әлеуметтік қызмет өкілдері мен психологтармен бірлескен жиналыс. Мұндағы басты мақсат — тек жаза қолдану емес, зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу. Себебі бұл саладағы әр маман — бір мүддеге жұмылған, адам тағдырына бейжай қарай алмайтын жандар.

— Бұл жұмыс жан шыдамын, жүрек беріктігін талап етеді. Бірақ жәбір көрген әйелдің езу тартқанын, кішкентай баланың енді қорықпай, сеніммен қарағанын көрген сәтте — бәрінің бекер емес екенін түсінесің, — дейді инспектор Индира Қайралова.

Оның күн сайынғы күресі — бір ғана отбасылық жанжалды тоқтатып қана қоймай, бүтін бір тағдырды құтқаруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру