Абай облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен студенттерге арналған қауіпсіздік сабағы өтті
Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде Абай облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен студенттерге арналған қауіпсіздік сабағы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу басқармасының қызметкерлері және ювеналды полиция инспекторлары қатысып, жастармен ашық форматта кездесті.
Полиция өкілдері өз сөздерінде қауіпсіздік – тек ұран емес, әр азаматтың саналы таңдауы екенін атап өтті. Студенттер есірткі заттарын тұтынудың зардаптары, психологиялық және физикалық зорлық-зомбылықтан қорғану жолдары, сондай-ақ қиын жағдайға тап болғанда қайда жүгіну керектігі туралы жан-жақты ақпарат алды.
Кездесудің интерактивті бөлігі студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар өзекті сұрақтар қойып, пікірлерін білдіріп, өмірлік мысалдар негізінде нақты жағдайларды талқылады.
– Біздің мақсатымыз – заң талаптарын түсіндірумен шектелмей, ережелерді сақтау адамның өмірі мен денсаулығын, болашағын қорғауға көмектесетінін көрсету, – деді полиция қызметкерлері.
Мұндай кездесулер дәстүрге айналып келеді. Полиция қызметкерлері өңірдің оқу орындарына тұрақты түрде барып, жастармен сенімге, жауапкершілікке және заңға құрметпен қарауға негізделген тілде сұхбат құрады.
