Абай облысы ҚАЖД-да АИТВ-инфекциясының алдын алу бойынша профилактикалық дәріс өткізілді
Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның қауіпсіздігі орташа мекемесінде АИТВ-инфекциясының алдын алу мақсатында профилактикалық дәріс өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мекемеде өңірлік ЖИТС-орталығының қызметкерлері сотталушыларға АИТВ-инфекциясының таралуының алдын алу және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға арналған ақпараттық-профилактикалық шара ұйымдастырды.
Іс-шара барысында мамандар АИТВ/ЖИТС-тің негізгі берілу жолдарын, алдын алу шараларын егжей-тегжейлі түсіндіріп, тұрақты медициналық тексеруден өту маңыздылығын атап көрсетті. Сондай-ақ бұл ауруға қатысты кең тараған мифтерді жоққа шығарды. Қатысушылардың жеке жауапкершілігі, қауіпсіздік шараларын сақтау және медициналық көмекке уақытылы жүгіну мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуге 400-ден астам сотталушы қатысты. Дәріс барысында қатысушыларға АИТВ/ЖИТС таралу жолдары және алдын алу шаралары туралы негізгі мәліметтерді қамтитын көрнекі ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратылды. Сотталушылар тақырыпқа белсенді қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, мамандардан толық әрі білікті жауап алды.
- Мұндай шаралар профилактикалық жұмыста маңызды рөл атқарады. Олар сотталушылардың әлеуметтік маңызы бар аурулар туралы хабардар болу деңгейін арттырып қана қоймай, олардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жұмыс санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты сақтауға және мекемеде қауіпсіз орта құруға бағытталған шаралардың маңызды бөлігі болып табылады, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Жасұлан Аринов.
Өткізілген дәріс сотталушылардың медициналық сауаттылық деңгейін арттыруға ықпал етті және мекеменің денсаулықты нығайту мен әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігі болды.
