Абай облысында 15 ауыл "ішімдіксіз елдімекен" мәртебесін алды
Абай облысының 15 ауылы "ішімдіксіз елдімекен" мәртебесін алып, тұрғындар мен жергілікті билік бірлесіп, алкогольді қолданудан бас тартты. Жобаның нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық жанжалдар азайып, құқықтық тәртіп күшейді, ал ауыл тұрғындары өз өмірін қауіпсіз әрі тыныш етуге мүмкіндік алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында қоғамдық тәртіпті нығайтуға, тұрмыстық құқық бұзушылықтарды азайтуға және ауылдағы отбасылық әл-ауқатты қорғауға бағытталған "Ішімдіксіз ауыл" әлеуметтік-профилактикалық жобасы іске асырылуда.

Бүгінде өңірдің 15 ауылы ресми түрде алкоголь сатылмайтын және қолданылмайтын "ішімдіксіз елдімекен" мәртебесін алды. Бұл шешім жергілікті тұрғындардың, әкімдіктердің және учаскелік полиция инспекторларының бастамасын қолдаудың нәтижесінде қабылданған. Ауыл жиналыстарында тұрғындар мен қоғамдық белсенділердің пікірі ескерілді.
Аталмыш бастама облыстың 10 ауданын қамтыды: Ақсуат, Көкпекті, Жарма, Маканшы, Аягөз, Үржар, Бесқарағай, Жаңасемей, Бородулиха және Абай аудандары. Барлық елді мекендерде тұрақты полицейлік бақылау ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауыл ақсақалдары мен жастар көшбасшылары да шараларға белсенді түрде тартылды.
Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров жобаның тиімділігін атап өтті:
- Отбасылық-тұрмыстық жанжалдар саны айтарлықтай азайды, мас күйінде жасалатын қылмыстар деңгейі төмендеді, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ауыл тұрғындарының қатысуы күшейді. Ішімдіксіз ауыл — бұл тыйым салу емес, халықтың саналы таңдауы. Біз азаматтардың өмірін қауіпсіз әрі тыныш етуге бағытталған әр бастаманы қолдаймыз, — деді департамент бастығы.
Алғаш болып бұл бастаманы Ақсуат және Абай аудандарының ауылдары қолдады, кейін өзге аудандар да қосылды. Әрбір елді мекенде учаскелік инспекторлар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жобаның орындалуын қамтамасыз етті, криминогендік жағдайдағы өзгерістерді бақылап, тұрғындарға қолдау көрсетті.

Полиция департаменті жобаның географиясын кеңейту және оң тәжірибені облыстың басқа ауылдық аумақтарына тарату бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
