Абай облысында 35 сотталған диплом алды
Абай облысында 35 сотталған техникалық білім туралы диплом алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында пенитенциарлық жүйе мекемелерінің бірінде техникалық білім алу туралы дипломдарды тапсыру салтанатты рәсімі өтті. Тігінші және дәнекерлеуші мамандықтары бойынша оқуды аяқтаған 35 сотталған дипломға ие болды.
Білім беру бағдарламасы пенитенциарлық мекеме мен өңірдің кәсіптік-техникалық оқу орны арасындағы бірлескен жоба шеңберінде іске асырылды. Оқыту кәсіптік даярлыққа қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып, сондай-ақ сотталғандарды босатылғаннан кейін қоғамға одан әрі әлеуметтендіруге және интеграциялауға бағдарлана отырып жүргізілді.
- Кәсіптік білім беру түзету жолындағы маңызды қадам. Бұл сотталғандарды жазасын өтеу кезеңінде пайдалы еңбекпен қамтып қана қоймай, босатылғаннан кейін жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді, - дейді мекеме бастығы Нурбеков Аслан.
- Біз сотталғандардың оқуға қызығушылық танытуына куәгерміз. Олардың көпшілігі алғаш рет диплом алды және мамандық бойынша жұмыс таба алатынына сенімді. Бұл біздің колледж педагогтарының, мекеме қызметкерлерінің, сондан кейін, білім алушылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі, — деп түсіндірді Семей қаласының политехникалық колледжінің директоры Самат Өзбеков.
Дипломдарды салтанатты тапсыру барысында сотталған түлектер колледж оқытушылары мен мекеме қызметкерлеріне мамандық алуға мүмкіндік бергені үшін алғыстарын білдірді. Мұндай білім беру бағдарламалары қылмыытық-атқару жүйесінің басқа мекемелерінде де жүзеге асырылуда, бұл жазасын өтеп жатқан адамдардың қылмысты қайталау деңгейін төмендетуге және сәтті қайта әлеуметтенуіне ықпал етеді.