Абай облысында 600-ге жуық құқық бұзушылық бейнекамераның көмегімен әшкереленді
Абай облысында құқық бұзушылықтар бейнекамералар арқылы тіркелуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Абай облысында 509 адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін, ал 88 тұрғын абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Барлық фактілер жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы жедел түрде анықталды. Қолданыстағы заманауи технологиялар полицияға құқық бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде бақылауға, жедел әрекет етуге және қала мен ауылдық елді мекендерде қоғамдық тәртіпті тиімді сақтауға мүмкіндік беріп отыр.
- Бейнебақылау — тек бақылау құралы ғана емес, сонымен қатар қуатты профилактикалық тетік. Ол құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді, — деп атап өтті Абай облысы полиция департаменті.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды заң талаптарын орындауға, қоғамдық тәртіпті құрметтеуге және әрбір құқық бұзушылық заманауи қауіпсіздік жүйелері арқылы бақыланатынын ескере жүруге шақырады.
