Абай облысында абаттандыру ережелерін бұзғандарды полиция дронмен анықтауда
Абай облысында абаттандыру ережелерін бұзғандарды полиция әуеден анықтауда, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Дрон арқылы түсірілген қоқыс үйінділері – тұрғындардың өздерінің жауапсыз әрекетінің айғағы. Полиция тарапынан тұрақты түрде рейдтер ұйымдастырылып, заң бұзушылар жауапкершілікке тартылуда. Алайда қаламыздың тазалығы әрбір азаматтың сана-сезімі мен әрекетіне тікелей байланысты.
Абай облысында полицейлер елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу фактілерін анықтау жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда. Семей қаласында мұндай рейдтік іс-шаралар күн сайын өткізіледі. Осы жылдың басынан бері 4 000-нан астам құқық бұзушылық тіркелген.
Негізгі бұзушылықтарға – қоқысты белгіленбеген жерлерге төгу, аула аумақтарын уақытылы тазаламау және қаланың санитарлық жағдайына кері әсер ететін басқа да әрекеттер жатады. Жеке де, заңды тұлғалар да жауапқа тартылуда.
Мұндай шаралар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында тұрақты түрде жүргізілуде.
Полиция барлық азаматтарды абаттандыру ережелерін сақтауға, қоршаған ортаға ұқыппен қарауға және туған өлкенің тазалығына үлес қосуға шақырады. Тек ортақ жауапкершілік арқылы ғана қалаларымызды таза, жасыл әрі жайлы ете аламыз.