Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында әйелдер колониясы мен кәсіпкерлер ынтымақтастығы нығаюда

Абай облысында әйелдер колониясы мен кәсіпкерлер ынтымақтастығы нығаюда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты әйелдер колониясының қызметкерлері Ұлттық "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы Үржар аудандық филиалының өкілдерімен және өңір кәсіпкерлерімен бірлесіп, сотталғандарды жұмыспен қамту және олардың әлеуметтік бейімделуі мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді.

Кездесудің мақсаты — сотталған әйелдердің жұмыспен қамтылуын кеңейту, бизнес бастамасымен мекеме аумағында жаңа өндіріс орындарын ашу, сондай-ақ олардың еңбек және әлеуметтік интеграциясына тұрақты жағдай жасау.

Іс-шара барысында колония қызметкерлері қонақтарды мекеменің өндірістік аймақтарымен таныстырып, сотталғандар дайындайтын өнімдердің бейнематериалдарын және үлгілерін көрсетті.

Қазіргі таңда әйелдер колониясында 200-ден астам сотталған әйел жазасын өтеп жатыр, олардың шамамен 100-і ақылы өндірістік учаскелерде жұмыс істейді. Бүгінде тұрақты негізде жеке кәсіпкерлердің бастамасымен ашылған тігін цехы, жеміс-жидек пен көкөніс консервілеу цехы, тұшпара өндіру және кондитерлік цех жұмыс істеп тұр.

Кездесу барысында жаңа өндірістерді іске қосу және мекеме аумағында оқу орталықтарын құру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл сотталғандарға кәсіби дағдыларды меңгеруге, тұрақты табыс табуға, отбасыларына қолдау көрсетуге, сот тағайындаған талап-арыздарды өтеуге, сондай-ақ мекеме дүкенінен қажетті тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді.

Кездесуге қатысушылар ҚАЖ мекемелерімен ынтымақтастық бизнестің өзі үшін де тиімді екенін атап өтті. Төмен жалдау ақысы, тұрақты жұмыс күші, дайын инфрақұрылым және мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолайлы жағдай жасайды.

— Сотталғандарды еңбекке тарту — бұл жай ғана тәртіптік шара емес, олардың болашағына салынған инвестиция. Еңбек арқылы жауапкершілік, кәсіби дағдылар қалыптасады және бостандыққа шыққаннан кейін табысты әлеуметтік бейімделуге нақты мүмкіндік туады, — деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру