Абай облысында әйелдер колониясынан босап шыққан азаматтарды туыстары күтіп алды
Абай облысында әйелдер колониясынан босап шыққан азаматтарды туыстары күтіп алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысындағы әйелдер колониясында ерекше әрі тарихи сәт болды — бір күнде бірден он сотталған әйел мерзімінен бұрын босатылып, бостандыққа қадам басты. Бұл тағдырлы күн олардың өмірінде мәңгілікке сақталары сөзсіз.
Олардың ерте бостандыққа шығуына ҚР 2025 жылғы 2 қаңтардағы №150-VIII Заңына енгізілген өзгерістер негіз болды. Заң 2025 жылдың 6 наурызынан бастап күшіне енді. Осы құқықтық жаңашылдықтың арқасында бірнеше жыл бойы темір тордың ар жағында болған әйелдер енді отбасыларымен қайта қауышу мүмкіндігіне ие болды.
Бостандыққа шыққан әйелдерді абақты қақпасынан туған-туыстары, балалары, жақындары қарсы алды. Бұл сәт – қуаныш пен сағыныш, көз жас пен үмітке толы, жүрек тебірентер сәт болды. Олардың арасында Астана, Алматы, Павлодар және Өскемен қалаларынан келгендер бар.
Бостандыққа шыққандардың жасы, өмір жолы, сот үкімі әртүрлі болғанымен, бәрін біріктіретін ортақ тағдыр – есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты баптар бойынша сотталғандары. Оларға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.
– Бұл – соңғы жеті жылдағы ең бақытты күнім. Төрт баламмен алғаш рет бірге тұрмын. Жан-тәніммен осы сәтті армандадым. Бір кездері өмірім тығырыққа тіреліп, дұрыс шешім қабылдай алмай, заңсыз әрекетке барғаным үшін қатты өкінемін. Бірақ қазір – жаңа өмірге аяқ бастым. Балаларыммен бірге болу – мен үшін бәрінен қымбат. Ендігі өмірім – тек адал еңбекпен, отбасымның амандығы үшін арналады, – дейді 43 жастағы Риддер қаласының тұрғыны көзіне жас алып.
Мекеме қызметкерлері бұл оң нәтижеге үлкен еңбекпен жетті. Тәрбие және психологиялық жұмыстар жөніндегі бөлімнің міндетін атқарушы Айнұр Искакованың айтуынша, жеке түсіндіру жұмыстарынан бастап, құжаттарды жинақтау, сотта қорғау – бәрі тұтас кешенді жұмыс.
– Бұл – жай ғана босату емес, бұл – жаңа өмірге ашылған есік. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, қоғамға қайта бейімделіп, өз орнын табады деген сеніміміз зор, – дейді мекеме өкілі.
Бостандыққа шыққан әрбір әйел үшін бұл – екінші мүмкіндік. Ең бастысы – жаңа жолдан жаңылмай, отбасы мен қоғам алдындағы орнын қайта табу.