Абай облысында алимент қарызы 1,2 млн теңгеден асқан борышкер анықталды
Абай облысында алимент қарызы 1,2 миллион теңгеден асқан борышкер анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаментінің Ақсуат ауданы полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінің қызметкерлері алимент төлеуден жалтарып жүрген 41 жастағы азаматты анықтады. Оның қарызы шамамен 1,2 млн теңгені құрады.
Іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер борышкердің Өскемен қаласында жүргенін анықтады. Қазіргі уақытта материалдар берешекті өндіру бойынша әрі қарай шара қабылдау үшін сот орындаушыларына жолданды.
Жалпы, жыл басынан бері Абай облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі бөлімшелері 65 борышкерді анықтады. Олардың қатарында алимент, салық төлеуден және материалдық шығынды өтеуден жалтарып жүрген азаматтар бар.