Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында алимент төлемеген әке темір тордың артында өкінішін білдірді

Абай облысында алимент төлемеген әке темір тордың артында өкінішін білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысының қауіпсіздігі орташа мекемесінде 29 жастағы Семей қаласының тұрғыны жазасын өтеп жатыр. Ол бұрын екі кәмелетке толмаған баласына алимент төлемей, 2,5 миллион теңгеден астам қарыз жинап алған.

Сот үкімімен оған бастапқыда бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Осы уақыт ішінде ер адам пробация қызметінің бақылауында болды, онымен тәрбиелік және құқықтық әңгімелер жүргізілді, ережелерді бұзған жағдайда жауапкершілік күтіп тұрғаны туралы ескертілді.

Алайда жүргізілген профилактикалық жұмыстарға қарамастан, ол тиісті қорытынды жасамай, алимент төлеуден жалтаруды жалғастырған. Пробация инспекторларының талаптарын орындамаған, тіркеуге келмеген және тұрғылықты жерінде болмаған. Осыған байланысты сот шешімімен оның жазасы жеті айға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Қазір сотталған азамат мекеменің ағаш ұстасы цехында еңбек етіп жүр. Жалақысынан балаларына алимент бойынша төлемдер ұсталып отырады.

– Мен өз іс-әрекетім арқылы тек өзімді емес, ең алдымен балаларымды ренжіттім. Бұрын мен ойланбастан ұсақ-түйекке жұмсаған ақшам олардың жақсы өмір сүруіне көмектесер еді. Енді сол үшін өкініп отырмын. Қазір жұмыс істеп, қарызымды өтеуге тырысып жүрмін. Барлық ер адамдарға айтарым – менің қателігімді қайталамаңыздар. Ерте ме, кеш пе бәрібір жауап беруге тура келеді. Балаларыңды ертерек есіңе түсірген әлдеқайда дұрыс, – дейді сотталған азамат.

Мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтармен отбасы мен заң алдындағы жауапкершілікті сезіндіру бағытында тұрақты түрде тәрбиелік және профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

– Әрбір сотталған адам түсінуі қажет: жаза – бұл тек бостандықты шектеу емес, сонымен қатар өз іс-әрекеттерін қайта қарау мүмкіндігі. Біз олардың түзелуіне, жұмысқа орналасып, қарыздарын қайтаруына және отбасымен қарым-қатынасты қалпына келтіруіне көмектесуге тырысамыз, – дейді Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің өкілі Жасұлан Аринов.

Бұл жағдай – өз перзенттері алдындағы борышын орындаудан жалтарған азаматтарға сабақ болуы тиіс. Әр ата-ананың міндеті – баласының болашағы мен амандығына жауапкершілікпен қарау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру