Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында аса ірі көлемдегі есірткі тасымалдау арнасы тоқтатылды

Абай облысында аса ірі көлемдегі есірткі тасымалдау арнасы тоқтатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаментінің патрульдік полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі есірткі заттарын тасымалдау әрекетінің жолын кесті. Нәтижесінде тыйым салынған заттардың ірі партиясының заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.

Қызмет атқару барысында "Аягөз – Шеп" стационарлық бекетінде полицейлер Өскемен қаласының 32 жастағы тұрғыны басқарған Mitsubishi Pajero автокөлігін тексеру үшін тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің тыйым салынған заттарды тасымалдауы мүмкін деген негізді күдік туындады. Дәлелдерді жедел түрде тіркеу және тиісті әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында оқиға орнына кезекші тергеу-жедел тобы шұғыл түрде жеткізілді.

Көлікті тінту барысында өсімдік тектес, жасыл түсті, өзіне тән иісі бар зат салынған екі картон қорап табылып, тәркіленді.

Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 18 келіден астам кептірілген марихуана есірткі заты болып шықты.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Баптың санкциясы үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

- Мұндай әрбір дерек - азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнген қатердің алдын алу. Біз есірткі тасымалдау арналарына жүйелі түрде тосқауыл қойып, автожолдардағы бақылауды күшейтіп келеміз және тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар барлық тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қолданамыз. Абай облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс тәулік бойы жалғасады, — деп атап өтті Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров.

Абай облысында полиция есірткі трафигі арналарының жолын кесу, автожолдардағы бақылауды күшейту және есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру