Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында балаларды жолда қауіпсіз тасымалдау бойынша мыңға жуық жадынама таратылды

Абай облысында балаларды жолда қауіпсіз тасымалдау талаптары бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары нәтижесінде мыңға жуық жадынама таратылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және кәмелетке толмаған жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Абай облысының полиция қызметкерлері өңір аумағында кешенді рейдтік іс-шаралар өткізді.

Аталған шара аясында жүргізушілерге балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттілігі кеңінен түсіндірілді. Түсіндіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің негізгі талаптарына тоқталып, 12 жасқа дейінгі балаларды тасымалдау кезінде арнайы ұстап тұру құрылғыларын қолдану міндетті екенін еске салды.

Атап айтқанда, автокресло, автолюлька, бустер және арнайы адаптерлер баланың жасы, салмағы мен бойына сәйкес дұрыс таңдалып, белгіленген тәртіппен орнатылуы тиіс екені ерекше атап өтілді. Бұл талаптарды сақтау жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда баланың өмірі мен денсаулығын сақтауда шешуші рөл атқарады. Полиция өкілдері жүргізушілермен және ата-аналармен жеке әңгімелер өткізіп, балаларды алдыңғы орындықта тасымалдаудың қауіптілігі, қауіпсіздік белдігін дұрыс тағудың маңыздылығы, сондай-ақ қысқа қашықтыққа жүру кезінде де қауіпсіздік талаптарын елемеуге болмайтыны жөнінде нақты мысалдар келтірді.

Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдары, статистикалық деректер және нақты жағдайлар арқылы түсіндіріліп, жүргізушілердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар профилактикалық рейд аясында тұрғындар арасында мыңға жуық ақпараттық жадынама таратылды. Жадынамаларда балаларды қауіпсіз тасымалдау ережелері, арнайы құрылғыларды дұрыс таңдау және пайдалану жөніндегі ұсынымдар, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған пайдалы кеңестер қамтылған.

Полиция жол қозғалысына қатысушыларды, әсіресе ата-аналарды, балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру