Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында бір күнде 30-ға жуық граффити жазуы жойылды

Абай облысында қоғамдық орындардағы заңсыз граффити жазуларды анықтау және жою бойынша профилактикалық жұмыстар жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл бағыттағы шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ есірткі құралдарын насихаттайтын жазулардың таралуына жол бермеу.

Кезекті рейдтік іс-шара барысында полицейлер мен жастар бір күннің ішінде 30-ға жуық заңсыз граффити жазуын анықтап, жойды. Оның ішінде 20 жазу есірткі граффитиі ретінде анықталды. Яғни аталған жазулар есірткі заттарын заңсыз жарнамалау немесе олардың таралуына ықпал ететін ақпараттарды қамтыған.

Мұндай жазулар көбіне тұрғын үйлердің қабырғаларына, қоршауларға, гараждарға және басқа да қоғамдық нысандарға түсіріледі. Мамандар оларды анықтағаннан кейін тиісті аумақтарды бояу арқылы тазарту жұмыстарын жүргізуде.

Рейд барысында заңсыз жазулардың орналасқан жерлері тексеріліп, анықталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданады. Сонымен қатар граффити жазуларды қайта түсірудің алдын алу және мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі.

Құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымы мен оның жарнамасына қарсы күресті күшейтіп, қоғамдық орындардағы ахуалды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Бұл ретте тұрғындардың белсенділігі де маңызды. Көшелерден, аулалардан немесе ғимараттардан күмәнді сипаттағы жазуларды байқаған жағдайда, олар туралы уақтылы хабарлау қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру