Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында биыл 150-ден астам сотталған жұмыспен қамтылды

Абай облысында биыл 150-ден астам сотталған жұмыспен қамтылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

2025 жылдың басынан бастап сотталғандарды жұмыспен қамтуды кеңейту бағдарламасы аясында орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекеме аумағында төрт жаңа өндірістік учаске ашылды. Жаңа жұмыс орындары сотталғандардың еңбекке тартылуына ғана емес, сонымен қатар олардың әлеуметтік бейімделуіне және кәсіби дағдыларды меңгеруіне ықпал етуде.

2025 жылдың наурыз айында темірбетон бұйымдарын өндіруге бағытталған жаңа жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) өз жұмысын бастады. Сәуір айында қолданбалы өнер бұйымдарын өндіруге маманданған жеке кәсіпкер (ЖК) қызметін бастады. Сол айда полистирол блоктары мен кірпіш өндіретін өндірістік учаске ашылды.

2025 жылдың маусым айында қайталама шикізатты өңдеумен, атап айтқанда, картон мен скотчты ажыратумен айналысатын тағы бір ЖШС өз жұмысын бастады. Сотталғандардың еңбегі кесімді ақы төлеу жүйесімен ұйымдастырылған.

— Мекеме аумағында жаңа жұмыс орындарының ашылуы — сотталғандарды түзеу мен оларды қоғамға қайта бейімдеу ісіндегі маңызды қадам. Бүгінде біз нақты оң нәтижелерді байқап отырмыз: сотталғандар кәсіби дағдыларды меңгеріп, жалақы алып, еңбектің маңыздылығын түсінуде, сондай-ақ қылмыспен келтірілген залалды өтеу бойынша шаралар қабылдануда. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа серіктестерді тарту жоспарда бар, — деп атап өтті сотталғандарды еңбекпен қамту бөлімінің бастығы Туканов Куаныш

Қазіргі уақытта мекеме аумағында үш жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен он бір жеке кәсіпкерлік жұмыс істейді. Әрбір өндірістік учаскеде 5-тен 20-ға дейін сотталған еңбек етуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру