Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында бостандыққа шыққан азаматтарды қақпа алдында туыстары күтіп алды

Абай облысында бостандыққа шыққан азаматтарды қақпа алдында туыстары күтіп алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған кешенді шаралар аясында, Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №19 мекемесінде ерекше кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара мекеме қақпасы алдында өткізіліп, жаңадан бостандыққа шыққан алты сотталған мен оларды күтіп алған туыстардың басын қосты.

Бұл кездесу – тек ресми рәсім емес, жақындарымен қайта қауышқан жандарға қолдау көрсетуге, қоғамға бейімделуге септесу мақсатында ұйымдастырылды. ҚАЖД қызметкерлері тарапынан көрсетілген басты қамқорлық – босап шыққан азаматтардың өмірлік жаңа кезеңге сеніммен қадам басуына жағдай жасау.

Тәрбие жұмысы бөлімінің қызметкерлері қатысушыларға қолжетімді мемлекеттік қолдау бағдарламалары, оның ішінде жұмысқа орналасу, баспана алу, медициналық көмек пен кәсіптік қайта оқыту мүмкіндіктері жөнінде кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, құжаттарды қалпына келтіру, тіркеуге тұру және профилактикалық есепке алу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

– Біз сотталғандардың бостандықтағы алғашқы қадамдары аса маңызды екенін жақсы түсінеміз. Бұл – олардың ең осал сәті. Осындай кездесулер ертеңгі күнге деген сенімді арттырып, туыстарын қолдау көрсетуге шақырады, – деді мекеме бастығы Аслан Нұрбеков.

Кездесу барысында туыстар тарапынан белсенділік танытылып, түрлі көмек түрлеріне байланысты нақты сұрақтар қойылды. Олар көрсетілген қолдау мен көңіл үшін шынайы алғыстарын білдірді.

Іс-шара соңында қатысушыларға жұмыспен қамту орталықтарының, әлеуметтік қорғау мекемелерінің, дағдарыс орталықтарының байланыстары көрсетілген жадынамалар таратылды.

Мұндай кездесулер — рецидивті қылмыстың алдын алуға, бұрынғы сотталғандарды қоғамға бейімдеуге және олардың жаңа өмірге қадам басуына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік бастама.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру