Абай облысында бостандыққа шыққан бұрынғы сотталған ұстаздарын кәсіби мерекемен құттықтады
Абай облысында бостандыққа шыққан бұрынғы сотталған ұстаздарын кәсіби мерекемен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының қауіпсіздігі орташа мекемесінде 130-дан астам сотталған орта және арнаулы білім алып жүр. Олардың қатарында кезінде мектепті аяқтамағандар да, жаңа мамандық игеруге ниет білдіргендер де бар. Көпшілігі үшін оқу – бостандыққа шыққаннан кейінгі жаңа өмірге жол ашатын мүмкіндік. Бұл ретте мұғалімдер – білім берушіден бөлек, сенім мен үміт сыйлайтын, жаңа қабілеттерін ашуға жол көрсететін тұлғалар.
Ұстаздар күні қарсаңында осы мекемеде жазасын өтеген, бүгінде 45 жастағы бұрынғы сотталған өз ұстаздарын кәсіби мерекемен арнайы құттықтап, оларға шынайы алғысын білдірді.
– Балалық шағым қолайсыз отбасында өтті. Ата-анам ішімдікке әуес болды, мен де соған ұқсас ортаны таптым. Алғаш рет 16 жасымда бостандығымнан айырылдым. Тағы да түрмеге түскен сәтте "өмірімді босқа өткізгім келмейді" деген ойға келдім. Мекемеде оқуды жалғастырып, мектеп аттестатын алдым. Кейін колледжде білім алып, дәнекерлеуші мамандығын меңгердім. Бостандыққа шыққаныма екі жыл болды. Шыққан соң бірден өз мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Ең бастысы – адал еңбек етуді, өзіме сенуді, өткен өмірге қайтпау керектігін үйреткен ұстаздарым әрқашан есімде. Бүгінгі мерекеде оларды құттықтап, алғысымды білдіруді парыз санадым, – деді ол.
Мекеме бастығының орынбасары Жасұлан Аринов та ұстаз еңбегінің маңыздылығына тоқталды:
– Мұғалім мамандығы тек білім беру жүйесінде ғана емес, қылмыстық-атқару саласында да аса маңызды. Өйткені білім – адамның қоғамға бейімделуінің кілті, кәсіби әлеуетін ашудың мүмкіндігі әрі адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың негізі, – деді ол.