Абай облысында электронды браслетін себепсіз шешкен есептегі азамат бас бостандығынан айырылды
Абай облысында электронды браслетін себепсіз шешкен есептегі азамат бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының 31 жастағы тұрғыны ұялы телефондар мен smart сағаттарды ұрлағаны үшін сотталған. Сот үкімімен оған 3 жыл 5 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, жазаны өтеу мерзімі бойына жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту белгіленген.
Сотталған Бесқарағай ауданының пробация қызметінде есепте тұрған. Жүргізілген профилактикалық және тәрбиелік жұмыстарға қарамастан, ол өзіне жүктелген міндеттерді жүйелі түрде бұзып отырған. Мәселен, қоғамдық жерде спирттік ішімдік ішкен, тұрғылықты жерінен рұқсатсыз кеткен. Бұдан бөлек, қызбен кездеспек болып, ол электрондық браслетін шешіп, белгісіз жерге қалдырып, кездесуге басқа қалаға кеткен.
Жіберілген құқық бұзушылықтарды ескере отырып, сот бастапқы жазаны өзгертті: бас бостандығын шектеу бір жыл бір ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
– Пробация қызметінде есепте болған кезде мен еркіндігімнің қадірін білмедім, қызметкерлердің ескертуіне қарамастан достарыммен кездесіп, ішімдік ішуді жалғастырдым. Кейін бір қызбен танысып, оған есепте тұрғанымды айтпадым. Ол кездесуге шақырғанда, білезігімді шешіп, соған кетіп қалдым. Қазір түсініп отырмын: егер менің жеңілтектігім болмағанда, бостандығымнан айырылмас едім, – деп бөлісті сотталған.
– Ескертулерге және жүргізілген профилактикалық жұмыстарға қарамастан, сотталған бірнеше рет белгіленген талаптарды бұзды. Оның бұл әрекеті түзелгісі келмейтінін көрсетті. Сондықтан сот жазаны ауыстыру туралы әділ шешім қабылдады, – деп атап өтті Бесқарағай ауданының пробация қызметінің аға инспекторы Тоғжан Тоқтағанова.