Абай облысында ерекше әлеуметтік акция өткізілді
Абай облысында ерекше әлеуметтік акция өткізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында ерекше әлеуметтік акция – “Әр үйге наркотест” атты эксперимент өтті. Бұл бастама қоғамда есірткі мәселесіне қатысты ашық әрі бейресми диалог орнатуға бағытталған. Акция аясында көшеде жүрген кез келген адамға анонимді әрі ерікті түрде есірткі заттарының ағзада бар-жоғын анықтайтын жедел тест тапсыру ұсынылды.
Шара жазалау немесе бақылау үшін емес, есірткі тақырыбын күнделікті өмірде еркін қозғауға болатынын көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ адамдардың денсаулығына деген жауапкершілігін арттырып, тестілеуді қалыпты әрі табиғи әрекет ретінде қабылдауға бейімдеу көзделді.
Жоба ерікті түрде тест тапсыруға қатысты ішкі қорқыныш пен тыйымдарды жоюға ықпал етті. Қан қысымын өлшеу немесе қандағы қантты тексеру сияқты қарапайым әрекеттер секілді, есірткіге жедел тест тапсыру да денсаулықты бақылаудың бір жолы ретінде ұсынылды. Бұл тәсіл халықтың психологиялық қабылдауын саралап, алдын алу шараларын жаңа деңгейге көтеруге бағытталды.
Эксперимент барысында тұрғындар түрлі пікір білдірді. Кейбіреулер бұл бастаманы толық қолдап, мұндай тесттерді оқу орындарында, жұмыс орындарында, тіпті әр үйде өткізу қажет екенін айтты. Ал кейбір азаматтар алғашында күмәнмен қарағанымен, бастаманың жазалауға емес, алдын алуға негізделгенін түсініп, оң бағасын берді.
“Әр үйге наркотест” – бұл тек медициналық сынама емес, бұл – қоғамға жолданған үндеу. Есірткімен күрес тек құқық қорғау саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналуы тиіс.
 
						
 
											