Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында есептегі сотталған мемлекеттік грант алып, жеке кәсіп ашуда

Абай облысының сотталған тұрғыны 1,5 млн теңгеден астам мемлекеттік грант алып, компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысының пробация қызметінде әлеуметтік бейімделуге және кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға ұмтылған сотталғандарға қолдау көрсету жұмысы табысты жүзеге асырылуда. Соның бір айқын мысалы – алаяқтық жасағаны үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген 31 жастағы азамат. Ол өз бизнес-жобасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грантқа ие болды.

Пробация қызметіне тіркелгеннен кейін ол II топтағы мүгедектігі барын, үйленгенін және кәмелетке толмаған ұлын тәрбиелеп отырғанын айтты. Тұрақты жұмысы болмағанына қарамастан, өмірін өзгерткісі келетінін және жеке ісін ашуға ниетті екенін жеткізді.

Жазасын өтеу барысында ол компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашу бойынша бизнес-жоспар әзірлеп, мемлекеттік грант алу конкурсына қатысуға өтінім берді. Комиссия отырысының нәтижесінде оған қажетті жабдықтарды сатып алуға бағытталған 1,5 млн теңгеден астам қаржы бөліну туралы шешім қабылданды.

– Бұл қадам мен үшін шешуші кезең болды. Мемлекеттік грант алу – жай ғана қаржылай қолдау емес, өзіме және отбасымa өмірімді өзгертетініме дәлел болуға берілген мүмкіндік. II топтағы мүгедек болсам да, пайдалы болғым келеді, жұмыс істеп, ұлымды қамтамасыз еткім келеді. Бизнес-жоспар дайындап, конкурсқа қатысу – мен үшін маңызды кезең болды, алға жылжуға және мақсатқа адал еңбектің арқасында қол жеткізуге болатынын түсіндім. Енді компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашып, тұрақты жұмысты бастауға нақты мүмкіндігім бар. Қолдау көрсеткені және маған сенгені үшін пробация қызметкерлеріне алғыс айтамын. Осы сенімді ақтау үшін бар күшімді саламын, – деді сотталған азамат.

– Біздің міндетіміз – сотталғандардың түзелу жолына түсуіне көмектесу, оларды жұмысқа орналастыруға және бастамаларын дамытуға қолдау көрсету. Грантқа ие болуы – оның табандылығы мен өзгеруге деген ынтасының нәтижесі. Бизнес-жобасын іске асыру кезеңінде де сүйемелдеу жұмыстарын жалғастырамыз. Бұл мысал уақытылы қолдау көрсетілсе және адамның өзі қаласа, әлеуметтік бейімделуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетеді, – деп атап өтті Аягөз қаласының пробация қызметінің бастығы Ермек Қалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру