Абай облысында есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша семинар өтті
Абай облысында есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ғылыми-теориялық семинар өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Alikhan Bokeikhan University" университетінің құқық факультетінде "Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері: таралу механизмдері мен әдістерін талдау" тақырыбында ғылыми-теориялық семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараға Абай облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ерекше маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Гаухар Еспаева мен жедел уәкілі Абылайхан Есенжолов, сондай-ақ университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Семинар барысында есірткі құралдарын таратудың қазіргі заманғы тәсілдері мен арналары, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 2 қаңтарда қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңның нормалары түсіндірілді. Сонымен қатар есірткі трафигінің алдын алудағы құқықтық және практикалық тәсілдер, сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы күрестегі ұлттық және халықаралық үздік тәжірибелер талқыланды.
Семинар қатысушыларына білім мен тәжірибе алмасуға, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестің өзекті мәселелерін талқылауға және құқық қорғау органдары, ғылыми қауымдастық пен студенттер арасындағы одан әрі өзара іс-қимыл жолдарын белгілеуге мүмкіндік берді.