Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында филиппиндік сотталған әйел бірнеше жыл көрмеген отбасымен байланыс орнатты

Абай облысында филиппиндік сотталған әйел бірнеше жыл көрмеген отбасымен байланыс орнатты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты әйелдер колониясында жүректі толқытқан оқиға болды — мекеме қызметкерлері Филиппиндік сотталған әйелге сіңлісін табуға көмектесті.

33 жастағы шетелдік азаматша ұрлық жасағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылған. Профилактикалық әңгімелердің бірінде ол бірнеше жыл бойы туғандарымен байланыса алмай жүргенін, ал анасы мен сіңлісі Филиппинде қалғанын айтқан. Оның ең үлкен арманы — отбасынан хабар алып, жасаған қателігі үшін кешірім сұрау еді.

Мекеме қызметкерлері оның әңгімесінен әсер алып, көмек қолын созуға шешім қабылдады. Тиісті органдар арқылы сұрау салынғаннан кейін бірнеше ай өткен соң әйелдің сіңлісі табылды.

Көптен күткен кездесу онлайн форматта өтті. Экраннан бірін-бірі көрген сәтте екі бауыр көз жасын тыя алмады. Олар жылдар бойы жиналған сағынышын әңгіме мен күлкіге, көз жасы мен қуанышқа айналдыра білді. Қашықтық та, уақыт та олардың бауырмалдық сезімін өшіре алмады.

Сотталған әйел мекеме әкімшілігіне алғысын білдіріп, бұл кездесудің өзіне үлкен үміт сыйлағанын айтты:

– Маған туған адамымды көруге мүмкіндік жасағандары үшін мекеме қызметкерлеріне шын жүректен ризамын. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш пен сенім. Сіңлім бәріміздің жақсы екенімізді айтып, мені әрқашан күтетіні мен қолдайтынын жеткізді, – деді ол толқып.

Мекеме өкілдері мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.

– Бостандықтарынан айырылған көптеген әйелдер үшін туғандарымен байланыс – түзелуге және өмірін қайта бағамдауға түрткі болатын күшті себеп. Біз осындай бастамаларды қолдап, олардың жақсылыққа деген сенімін нығайтуға тырысамыз, – деді режим бөлімінің бастығы Балнұр Ахметханова.

Бұл оқиға – мейірім мен адамгершіліктің, сондай-ақ жаңа өмір бастауға деген сенімнің жарқын үлгісі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру