Абай облысында гаражында марихуана сақтаған тұрғын қоғамдық жұмыстарға тартылды
Абай облысында гаражында марихуана сақтаған тұрғын қоғамдық жұмыстарға тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай өңірінің 52 жастағы тұрғыны тау баурайында келе жатып жабайы марихуана өсімдігін байқаған. Ер адам оны жұлып алып, үйіне әкеліп, есірткіні жеке пайдалану үшін гаражда сақтаған.
Сот оны кінәлі деп тауып, алпыс сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енгеннен кейін сотталған адам Аягөз аудандық пробация қызметіне тіркелді. Тіркеу кезінде онымен заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға және қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тәрбие және құқық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сот тағайындаған жазаны орындау үшін ер адам Аягөз аудандық мәдениет үйіне жұмысшы болып жұмысқа орналасты. Қазіргі уақытта ол пробация қызметкерлерінің бақылауымен аумақты тазалаумен, қар тазалаумен және басқа да қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындаумен айналысады.
— Мен үлкен қателік жібергенімді толық түсіндім. Сол кезде оның салдары туралы ойламадым, бірақ бүгін заң бұзып, жақындарымды жерге қаратқанымды түсіндім. Менің отбасым, әйелім және екі балам бар, мен олардың алдында бұл әрекетім үшін ұяламын. Пробация қызметімен жұмыс істеу маған мінез-құлқымды қайта қарауға және дұрыс қорытынды жасауға көмектесті. Қоғамдық жұмыстар мен үшін кінәні өтеуге және ең алдымен заңға бағынып өмір сүре алатынымды өзіме дәлелдеуге мүмкіндік болды. Мен шын жүректен өкінемін және мұндай жағдай қайталанбауы үшін заң талаптарын қатаң сақтауды көздеп отырмын, — деді есептегі сотталған.
— Пробация қызметінің негізгі мақсаты — сотталғандарды түзетуге және оларды қайта әлеуметтендіруге жәрдемдесу. Қоғамдық жұмыстар мен алдын алу жұмыстары заңға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға және қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі, — деп атап өтті Аягөз аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Ермек Қалиев.
