Абай облысында "Халық заңгері" республикалық акциясы өтті
Абай облысында "Халық заңгері" республикалық акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
31 қазан күні Абай атындағы кітапханада "Халық заңгері" республикалық акциясы ұйымдастырылды. Шара барысында семейліктер тегін заңгерлік кеңес алып, мемлекеттік органдардың өкілдеріне өз сауалдарын тікелей қою мүмкіндігіне ие болды.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту.
Іс-шараға прокуратура, әділет департаменті, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ еліміздің жетекші заңгерлері мен адвокаттары қатысты.
Абай облысы полиция департаменті атынан акцияға департамент бастығының орынбасары Елдос Закимов қатысты. Ол мұндай кездесулердің құқық қорғау органдарының ашықтығын арттырып, азаматтарға құқықтық тәртіп пен олардың құқықтарын қорғауға қатысты өзекті сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Акция барысында мамандар азаматтарға әкімшілік және қылмыстық заңнама мәселелері бойынша кәсіби кеңес берді. Әрбір қатысушы өз өмірлік жағдайына байланысты білікті көмек пен нақты түсініктеме алу мүмкіндігіне ие болды.
Шара жылы әрі іскерлік ахуалда өтіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жолында мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің күш-жігерін біріктірді.
