Абай облысында ІІО ардагерлері Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды
Абай облысында ішкі істер органдарының ардагерлері Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Абай облысының ішкі істер органдарының ардагерлері Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, майдан даласында қаза тапқан және бейбіт өмірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге өмірін арнаған әріптестерін еске алды.
Бұл күні ардагерлер майданды бірге өткерген, бір сапта қызмет атқарған жауынгер жолдастарын тебіреніспен еске алды. Олардан үйренген ерлік, тәртіпке берік болу және қызметтік парызға адалдық – бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
– Офицер сөзі – заңдай берік болуға тиіс. Біз осыны сол буыннан үйрендік, – деп бөлісті ардагерлер.
Құрмет пен алғыс сезіммен олар ерлікпен қаза тапқан жандардың рухына тағзым етті.
– Ішкі істер органдарының ардагерлеріне зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеймін. Жеңістің 80 жылдығы – халқымыздың ерлігі мен бірлігінің айқын символы, – деп атап өтті Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бейбіт Исақов.
Шараның соңы полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік концертке ұласты. Соғыс жылдарындағы әндер шырқалған кеште ардагерлер толқып, естеліктермен бөлісіп, жастық шақтары мен майдандас достарын еске алды. Шарада ұрпақтар сабақтастығы, ризашылық пен мақтаныштың ерекше рухы сезілді.