Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында интернет-алаяқтыққа қарсы күрес күшейтілді

Абай облысында интернет-алаяқтыққа қарсы күрес күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамның жедел цифрлануы жағдайында интернет-алаяқтық қылмыстың ең тез таралып жатқан түрлерінің біріне айналды.

Абай облысында өткен жылы интернет-алаяқтықтың 1364 фактісі тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 47,5 пайызға жоғары. Оның 1092-сі Семей қаласында болған.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмысты ашу деңгейі 8,9 пайыздан 17,3 пайызға дейін өсті.

Полиция қызметкерлері интернет-алаяқтыққа қатысы бар 14 ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады. Олар 142 эпизодқа қатысы бар деп күдіктелуде. Сондай-ақ қылмыскерлер пайдаланған SIM-box құрылғылары тәркіленді.

Ұлттық банк жүйесіндегі "Антифрод-орталық" арқылы 1680 күдікті операция анықталған. Соның нәтижесінде шамамен 30 млн теңге бұғатталып, 20 млн теңгесі азаматтарға қайтарылды.

Қылмыстарды ашуда заманауи аналитикалық жүйелер белсенді қолданылып келеді. Соның көмегімен интернет-алаяқтықтың 35 фактісі ашылған.

Интернет-қылмысқа қарсы күрес биыл да жалғасуда. Осы жылдың алғашқы екі айында облыста интернет-алаяқтықтың 188 фактісі тіркелді.

Профилактика мақсатында интернет-ресурстарды бұғаттау, фрод-қоңырауларды анықтау, сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды онлайн операциялар кезінде мұқият болуға, банк деректерін бөгде адамдарға бермеуге және күдікті сілтемелерге өтпеуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру