Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында "Ішімдіксіз ауыл" бастамасын қолдаған полицей мен әкім марапатталды

Абай облысының ПД бастығы "Ішімдіксіз ауыл" жобасын дамытқан Көкпекті ауданының полицейі мен әкімін марапаттады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров жұмыс сапарымен Көкпекті ауданына барып, жеке құраммен және ауылдық округ әкімдерімен кездесті.

Сапар барысында департамент басшысы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе ішімдіксіз ауыл бастамасының қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру мен ауыл тұрғындарының жауапкершілігін арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.

Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және аталған жобаны дамыту ісіне қосқан үлестері үшін Ұзынбұлақ және Ажа ауылдық округтерінің әкімдері Бек Нұғыбаев пен осы аумаққа жауапты учаскелік полиция инспекторы Руслан Ибраевқа алғыс хаттар табыс етті.

Жеке құрам алдында сөйлеген сөзінде облыстық полиция бастығы Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына зор сенім мен үлкен жауапкершілік жүктеп отырғанын айтты.

– Біздің қызметіміздің басты қағидаты – "Заң мен тәртіп. Осы ұстанымды берік сақтау – әділетті қоғам құрудың негізгі шарты. Әділдік пен заңға құрметсіз әділетті Қазақстанды дамыту мүмкін емес, – деді Эльдар Данияров.

Сонымен қатар ол ішкі істер органдарының негізгі басым бағыттарына тоқталды: қылмыспен және бұзақылықпен күресті күшейту, қабылданған заңдардың орындалуын қамтамасыз ету, қызметті цифрландыру және жасанды интеллект элементтерін енгізу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.

Эльдар Данияров полиция қызметі халыққа барынша ашық әрі түсінікті болуы қажет екенін атап өтті.

– Әрбір азамат қиын жағдайда полициядан көмек пен қолдау ала алатынына сенімді болуы тиіс, – деді ол.

Департамент бастығы сонымен бірге қызметтік тәртіп пен этиканы қатаң сақтау қажеттігін еске салып, қызмет бабын асыра пайдалану немесе сыбайлас жемқорлық деректері бойынша заң аясында қатаң шара қолданылатынын ескертті.

Кездесу соңында Эльдар Данияров қазіргі заманғы полиция тек күштік құрылым емес, қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін адал еңбек ететін сенімді серіктес болуы тиіс екенін атап өтті.

– Тек адалдық пен бірлескен үйлесімді жұмыс арқылы ғана жоғары нәтижелерге жетеміз. Қоғам бізден ашықтық пен әділдік күтеді. Мен сіздердің кәсіби біліктіліктеріңізге, адалдықтарыңызға және бастамашылдығыңызға сенемін, – деді Абай облысының полиция бастығы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру