Абай облысында "Киберпол" орталығында ашық есік күні өтті
"Заң және Тәртіп" қағидаты аясында Абай облысында полиция департаментінің "Киберпол" орталығында ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараның мақсаты – халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу.
Іс-шараға студенттер, мектеп оқушылары, волонтерлер мен қоғамдық көмекшілер қатысты. Қонақтарға киберқылмыспен күрес бөлімшелерінің жұмысы таныстырылып, интернет-алаяқтық, фишинг, аккаунт бұзу және дербес мәліметтерді ұрлау жағдайлары бойынша нақты мысалдар көрсетілді.
Интернеттегі балалардың қауіпсіздігіне, жалған ақпарат тарату мен онлайн қауіптерге ерекше назар аударылды. Мамандар әлеуметтік желілердегі құпиялылық баптауларын дұрыс орнату, алаяқты қалай тану және цифрлық қақпанға түспеу жолдарын түсіндірді.
— Интернет – білім мен қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар қауіп-қатер аймағы. Біз әрбір қолданушының киберкеңістікті де заң реттейтінін түсінгенін қалаймыз. Әрбір қылмыстың артында нақты адам тұрады, — деді киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Мират Кабытаев.
Кездесу соңында қатысушыларға цифрлық қауіпсіздік бойынша жадынамалар таратылып, мамандарға өз сұрақтарын қою мүмкіндігі берілді.