Абай облысында мал ұрлығына қарсы ескерту жасалды
Абай облысында полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарын мал ұрлығының алдын алу шаралары туралы ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл қылмыс түрі әсіресе ауылдық жерлерде қауіпті, себебі азаматтар тек мүліктен емес, негізгі табыс көзінен және көп жылғы еңбегінен айырылады.
Қылмыстық істерді талдау көрсеткендей, мал ұрлығы кездейсоқ жасалмайды. Қылмыскерлер алдын ала шаруашылықты бақылап, иесінің жүріс-тұрысын зерттейді, бейнебақылау мен жарықтың бар-жоғын тексереді. Кейін қараусыз қалған сәтті пайдаланады. Көбінесе ұрлық түнгі уақытта, қыстаулар мен еркін жайылым орындарында жүзеге асады.
Мал алыс қашықтыққа айдалып әкетілуі немесе жүк көліктерімен тасымалдануы мүмкін. Кейін ол тез арада сойылып немесе басқа аудан мен облыстарда сатылып кетеді. Сол себепті малдың шыққан жерін анықтау іс жүзінде қиынға соғады.
Көп жағдайда мал ұрлығы рөлдері бөлінген топпен жасалады: бірі бақылап жүреді, бірі малды айдайды, бірі өткізеді. Мұндай қылмыстар ұйымдасқан сипатта болып, азаматтарға ірі материалдық шығын әкеледі.
Мал ұрлығы — ауыр қылмыс. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес, адамдар тобы жасаған немесе ірі мөлшерде ұрлық үшін 7 жылға дейін, бірнеше рет немесе заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық үшін 10 жылға дейін, аса ірі мөлшерде немесе ұйымдасқан топ жасаған мал ұрлығы үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Сонымен қатар, мүлік тәркіленеді. Ұрланған малды сатып алған тұлғалар да қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Тергеу басқармасы тұрғындарға төмендегілерді ескертеді:
-
Малды қараусыз қалдырмау маңызды, себебі бұл қылмыс жасауға жағдай туғызады.
-
Ұрлық болған жағдайда полицияға дереу хабарлау малды табу мүмкіндігін арттырады, өйткені мал бірнеше сағат ішінде өткізілуі мүмкін.
-
Малды таңба мен сырға салу, жарық және бейнебақылау орнату арқылы қорғау қажет.
-
Бейтаныс адамдарға малды бақтыруға рұқсат бермеу маңызды.
Уақытылы хабарлау қылмысты ашуға және ұрланған малды қайтаруға тікелей әсер етеді.
