Абай облысында мал ұрлығының алдын алуға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізілуде
Абай облысында мал ұрлығының алдын алуға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының аумағында мал ұрлығының алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Басты мақсат – мал ұрлығына қарсы күресті күшейтіп, заңсыз әрекеттердің жолын кесу және ауыл тұрғындарының мүлкін қорғау. Сонымен қатар бұл іс-шара ауыл шаруашылығы саласындағы заңдылықты нығайтуға, халықпен тығыз қарым-қатынас орната отырып, қылмыстың алдын алуға бағытталған.
Іс-шара шеңберінде полиция қызметкерлері мен тиісті органдар тарапынан нақты әрі жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Ет өнімдерін қабылдау және сату пункттерінің қызметіне бақылау күшейтілді. Ұрланған малды өткізуі мүмкін орындарда рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, тексерулер жүргізілуде.
Құжаттары жоқ жануарлар мен ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктер арнайы бақылауға алынып, олардан тиісті ветеринариялық және меншік құжаттарының болуы талап етілуде. Бұрын осындай қылмыстар жасағаны үшін сотталған немесе қазіргі таңда күдікті ретінде танылған тұлғалар жеке бақылауға алынып, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар халықпен, жергілікті әкімдіктермен және жекеменшік күзет құрылымдарымен бірлесіп мал ұстауға байланысты түсіндіру және алдын алу кездесулері өткізілуде.
Ауыл тұрғындарына малды еркін жаюдан аулақ болу, қараусыз қалдырмау, арнайы қоршаулар мен қораларда ұстау, сондай-ақ малды белгі қою мен тіркеудің маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде бірқатар құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзудың 28 дерегі тіркелсе, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзудың 87 фактісі анықталды. Бұл құқық бұзушылықтар малдың бақылаусыз қалуына, жоғалуына және ұрлық деректерінің көбеюіне тікелей әсер ететін негізгі факторлар саналады.
"Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы тек құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында емес, сонымен қатар тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдын алу шараларын кеңінен насихаттау мақсатында жүзеге асырылуда.
Полиция мал иелерін өз мүлкін қорғауға жауапкершілікпен қарауға, малды арнайы белгілермен тіркеуге, қараусыз қалдырмауға және қырағылық танытуға шақырады.