Абай облысында нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды
Абай облысында нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 маусымнан бастап Абай облысында жыл сайын 26 маусымда аталып өтетін Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай кең ауқымды профилактикалық айлық басталды. Бұл іс-шараның басты мақсаты — есірткі құралдарының таралуының алдын алу, қоғамның ақпараттану деңгейін арттыру және жұртшылықты зиянды әдеттермен күреске жұмылдыру.
Айлық аясында Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы серіктес мекемелермен бірлесіп, түрлі форматтағы түсіндіру акцияларын, жастармен кездесулер, дәрістер мен ақпараттық материалдар таратуды жоспарлап отыр.
Жуырда өткен шара барысында ЕҚҚІБ "СОЦКЗ" қоғамдық қорымен бірлесіп, есірткі айналымына тарту тәсілдері мен одан сақтану жолдарын қамтыған жадынамалар тұрғындар арасында таратылды. Атап айтқанда, жасөспірімдерді психобелсенді заттардан қалай қорғауға болатыны, қауіпті жағдай туындағанда қайда жүгіну керектігі түсіндірілді.
Ата-аналарға ерекше назар аударылды: баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде көңіл бөлу, нашақорлықтың алғашқы белгілерін тану және отбасы ішінде сенімді қарым-қатынас орнатудың маңызы кеңінен айтылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, нашақорлықпен күресте алдын алу шаралары — ең тиімді жол. Алдағы аптада осындай іс-шаралар облыстың барлық аудандарында жалғасын табады. Полиция қызметкерлері білім беру ұйымдары, жастар бірлестіктері және ата-аналар қауымдастығымен бірлесе отырып, түсіндіру жұмыстарын күшейтуді көздеп отыр.