Абай облысында нашақорлыққа қарсы күрес аясында таэквондодан ашық турнир өтті
Абай облысында нашақорлыққа қарсы күрес аясында таэквондодан ашық турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында 1 маусымнан бастап Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай жарияланған профилактикалық айлық шеңберінде бірқатар спорттық, мәдени және ағартушылық шаралар өткізілуде. Солардың бірі – таэквондодан ұйымдастырылған ашық өңіраралық турнир.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу, олардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуге ықпал ету және есірткі заттарының таралуының алдын алу. Мұндай спорттық бастамалар өскелең ұрпақты зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға, тәртіп пен табандылыққа тәрбиелеуге бағытталған.
Жарысқа Абай, Жетісу, Павлодар және Ұлытау облыстарынан келген таэквондо шеберлері қатысты. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар өзара шеберліктерін ортаға салып, тартысты бәсекелер өрбіді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, алғыс хаттармен марапатталды. Бұл турнир – салауатты өмір салтын насихаттайтын игі шаралардың бір көрінісі ғана. Ол жастарды спортқа баулып қана қоймай, қоғамды нашақорлықпен күреске жұмылдырудағы маңызды қадам болып саналады.