Абай облысында оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша облыстық семинар өтті
Абай облысында оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша облыстық семинар өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында 2025 жылғы жаз мезгілінде балалардың сауықтыру демалысы, жұмыспен қамтылуы және бос уақытын тиімді өткізу мәселелеріне арналған облыстық семинар-кеңес өтті. Іс-шараға қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, мамандар, қосымша білім беру әдіскерлері мен балалардың сауықтыру лагерьлерінің директорлары қатысты.
Семинардың басты мақсаты – мектеп оқушыларын жазғы демалыспен 100% қамту, олардың демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізуге жағдай жасау, каникул уақытында белсенді және пайдалы іс-шараларды ұйымдастыру. Ерекше көңіл балалардың зияткерлік-шығармашылық және спорттық-сауықтыру бағытында дамуына аударылды.
Семинар барысында Абай облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Садакбаев Бауыржан баяндама жасап, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, қараусыз және қаңғыбас балалардың алдын алу шаралары, сондай-ақ жаз мезгілінде полиция мен білім беру органдары және басқа да мүдделі құрылымдардың бірлескен жұмысы жөнінде айтып өтті.
– Полицияның міндеті – тек құқықтық тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар балалардың жанынан табылып, қауіп-қатердің алдын алып, жазғы демалыстың қызықты әрі қауіпсіз өтуіне жағдай жасау, – деп атап өтті спикер.
Семинар тәжірибе алмасу, кешенді шешімдер әзірлеу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту үшін маңызды алаңға айналды – барлығы да өңірдегі әрбір баланың қауіпсіз, мазмұнды әрі пайдалы жазғы демалысы үшін.