Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында оқушыларға арналған ерлік сабағы өтті

Абай облысында оқушыларға арналған ерлік сабағы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Семей қаласындағы №5 гимназияда мемлекеттік наградалармен марапатталған полиция қызметкерлері оқушылармен кездесіп, ерлік сабағын өткізді. Кездесу барысында қонақтар өздерінің қызмет жолы, Отанға адал қызмет ету, жауапкершілік пен батылдықтың маңызы туралы әңгімелеп, нақты өмірлік оқиғалармен бөлісті.

Атап айтқанда Абай облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері Әділ Құсман мен Нұрлыбек Менкешев алаяқтықтың алдын алу мақсатында тұрғындарды аралау кезінде көпқабатты үйдің бір пәтерінен шыққан отты байқайды. Пәтерде бойжеткен қыз және оның кәмелетке толмаған бауыры мен сіңлісі болған.

Полиция қызметкерлері бірінші кезекте пәтер тұрғындары мен көршілерін жедел эвакуациялап, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Үйдің басқа тұрғындарының өміріне тікелей қауіп төніп тұрғанын түсінген арнайы жасақ жауынгерлері өз өмірлеріне қатер төнсе де, қайтадан жанып жатқан пәтерге кіріп, ас үйдегі газ баллонын сыртқа шығарып, үлкен жарылыстың алдын алды.

Сондай-ақ іс-шара барысында азаматтық батылдықтың тағы бір үлгісі ретінде Ертай Канафиннің ерлігі аталды. Таңғы сағат 5 шамасында көпшілік ұйқыда жатқан уақытта ол отты байқап, дереу әрекет етті. Өрт сөндірушілерге хабар бергенімен қатар, келгенше адамдарды оятып, қауіпсіз жерге шығарып, адам өмірін сақтап қалуға үлес қосты. Бұл — нағыз азаматтық борыш пен жанашырлықтың көрінісі.

Полиция капитаны Қайдаров Бекзаттың ерлігі де оқушыларға үлгі ретінде ұсынылды. Ол Алакөл жағалауында қоғамдық тәртіп пен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында суға батып бара жатқан 18 жастағы студентті байқап, дереу көмекке ұмтылды. Азаматты жағалауға шығарып, жедел жәрдем келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясын жүргізді. Полицейдің шапшаң әрі білікті әрекетінің арқасында жас жігіттің өмірі сақталып, екі тәуліктен кейін есін жиды.

Кездесу барысында оқушылар ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы ерлік пен еңбектің маңызын терең түсініп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ашық форматта өткен диалог жас ұрпақты отансүйгіштікке, заңға құрметпен қарауға және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталды.

Іс-шара соңында оқушылар қонақтарға алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру