Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында оқушыларға арналған қауіпсіздік сабақтары өтті

Абай облысында оқушыларға арналған қауіпсіздік сабақтары өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында орналасқан Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте 9–11 сынып оқушылары үшін қауіпсіздікке бағытталған танымдық сабақ ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау, түнгі уақытта қауіпсіз жүріп-тұру, буллингтің алдын алу, интернет-алаяқтықтан қорғану, сондай-ақ есірткінің жеке денсаулық пен қоғамға тигізер зияны туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылық пен зиянды әдеттердің алдын алу. Сабақ кезінде нақты мысалдар келтіріліп, оқушылар өз құқықтары мен міндеттерін білуге, әрбір әрекетке жауапкершілікпен қарауға үнделді.

Профилактикалық әңгіме соңында балаларға құқықтық тәртіпті сақтау, интернетте жеке деректерін қорғау, қауіпті жағдай туындағанда тиісті органдарға жедел хабарлау, сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін сыныптастары және отбасы мүшелерімен бөлісу туралы маңызды ұсыныстар айтылды.

Бұл іс-шара жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және олардың өзін әрі айналасындағы адамдарды қорғау қабілетін күшейтуге бағытталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру