Абай облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес шаралары күшейтілді
Абай облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Біздің қоғамымыздың басты құндылығы – әрбір адамның өмірі мен денсаулығы. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (108-бап) және ұрып-соғу (109-бап) қылмыстық құқық бұзушылықтарға жатады. Бұл әрекеттер үшін айыппұлдан бастап, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыруға дейін қатаң жаза қарастырылған.
Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар көбінесе отбасылық-тұрмыстық қатынастарда болады. Адамға қол көтеру – бұл жай ғана ұрыс-керіс немесе жанжал емес, заңға қайшы әрекет. Отбасы – адамға ең жақын орта, оның тірегі. Ал егер дәл осы ортада зорлық-зомбылық орын алса, ол бүкіл қоғамның тұрақтылығына әсер етеді.
Полиция органдарының міндеті – осындай құқық бұзушылықтарға дер кезінде әрекет ету, кінәлілерді жауапқа тарту. Алайда басты мақсатымыз – қылмысқа жеткізбеу, алдын алу. Ол үшін әрқайсымыздың жауапкершілігіміз қажет.
Сіздерді жақындарыңызды қадірлеуге, дау-жанжалды сабырмен шешуге, бір-біріңізді сыйлауға шақырамыз. Отбасында сыйластық пен тыныштық болса, қоғамымыз да берік болады. Отбасы – сенім мен сүйіспеншіліктің ордасы болуы керек. Теĸ осылай ғана біз зорлық-зомбылықты жоюға бағытталған қоғам құра аламыз.