Абай облысында отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды психологиялық қолдау мәселесі талқыланды
Абай облысында отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай атындағы кітапханада "Отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға психологиялық қолдау: ведомствоаралық өзара іс-қимыл және көмек көрсету стратегиялары" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оны анықтау және жолын кесу мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шараға полиция қызметкерлері, дағдарыс орталықтарының өкілдері, психологтар мен құқық қорғаушылар қатысты. Талқылау барысында полиция қызметкерлері азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етудің маңыздылығын атап өтіп, зардап шеккендерге кешенді көмек көрсету үшін әлеуметтік қызметтермен және психологтармен тығыз ынтымақтастық қажет екенін ерекше атап өтті.
- Отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау жұмысы тек кәсібилікті ғана емес, сондай-ақ адами сезімталдықты да талап етеді. Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, сонымен қатар зардап шеккен әйелдер мен балалардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау, – деп атап өтті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі бастығы Виталий Каверин.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері қайталанатын зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу тәжірибесімен бөлісіп, көмекке жүгінген әйелдерге қандай қолдау шаралары көрсетілетінін баяндады. Сондай-ақ халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу және дағдарыс орталықтарымен белсенді ынтымақтастық орнатудың маңыздылығы атап өтілді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар полиция мен әлеуметтік қызметтердің күш-жігерін біріктіру – отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмектесудің тиімді жүйесін құруға мүмкіндік беретіні жөнінде ортақ пікірге келді.