Абай облысында ПД басшылығы курсанттармен кездесті
Абай облысында ПД басшылығы курсанттармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Елдос Закимов ІІМ академиясын бітіруші курсанттармен кездесу өткізіп, құқық қорғау қызметінің мәні, міндеттері және қазіргі заман талаптары туралы жан-жақты әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында Елдос Закимов өзінің қызметтік тәжірибесінен мысал келтіре отырып, құқық қорғаушы мамандығының маңыздылығы мен оның артындағы зор жауапкершілік жайында кеңінен түсіндірді. Ол болашақ тәртіп сақшыларына адалдық пен әділдікті ту етіп, кәсіби шеберлікті үнемі шыңдап отырудың, азаматтардың құқықтарын қорғау жолында жоғары моральдық-этикалық ұстанымдарды берік ұстанудың маңызын атап өтті.
– Қазіргі заман полиция қызметкері тек заң сақшысы ғана емес, сонымен қатар қоғамның сенімді тірегі болуы тиіс. Сіздер – еліміздің ертеңгі құқық қорғау саласының өкілдерісіздер. Сондықтан әрқайсысыңыздың білім-білігіңіз, мәдениетіңіз бен ұстанымыңыз – ел болашағы үшін аса маңызды, – деді ол курсанттарға арнаған сөзінде.
Кездесу соңында Елдос Закимов жас мамандарға үлкен сенім артатынын жеткізіп, алдағы қызмет жолында абыроймен еңбек етуге және азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау жолында адал қызмет етуге шақырды.