Абай облысында ПД бастығы мереке қарсаңында балалар үйіне барды
Абай облысында ПД бастығы мереке қарсаңында балалар үйіне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров балалар үйінің тәрбиеленушілерін Жаңа жыл мерекесімен арнайы құттықтады.
Кездесу барысында департамент басшысы балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, бұл мерекенің мейірім мен жақсылықты дәріптейтін ерекше күн екенін атап өтті.
Эльдар Данияров өз сөзінде өскелең ұрпақтың тағдырына бейжай қарамайтын қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізетінін айтып, балаларға әрдайым қолдау көрсету маңызды екенін жеткізді.
– Сіздер – еліміздің ертеңі, болашағысыздар. Алдымыздағы басты міндет – сіздердің қауіпсіз, білімді әрі бақытты болып өсуіңізге жағдай жасау. Армандарыңыздан таймай, алға сеніммен қадам басыңыздар. Жаңа жыл әрқайсыңызға мол қуаныш пен сәттілік сыйласын, – деді ол.
Сондай-ақ департамент бастығы тәрбиешілер мен мекеме қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беріп, балаларға жылулық пен қамқорлық танытып жүрген жандарға алғыс білдірді.
