Абай облысында полицей ірі киберқылмыстарды ашқаны үшін мемлекеттік медальмен марапатталды
Абай облысында полицей ірі киберқылмыстарды ашқаны үшін мемлекеттік медальмен марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызметтік борышын адал орындап, киберқылмыстарды әшкерелеуге қосқан зор үлесі үшін Абай облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Медғат Жүнісов "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Мемлекеттік марапат Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының негізінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің қолынан табыс етілді.
Қызметтік міндетін атқару барысында Медғат Жүнісов кибералаяқтыққа қатысты үш ірі қылмыстық істі ашу кезінде жоғары кәсіби шеберлік пен табандылық танытты.
Бірінші іс — интернет-платформалар мен жалған аккаунттарды пайдалану арқылы жасалған 55 эпизодтан тұрып, келтірілген жалпы материалдық залал көлемі 8 миллион теңгеден асты.
Екінші қылмыстық іс онлайн-сауда алаңдарының пайдаланушыларының қаржысын заңсыз иемденумен байланысты 40 эпизодты қамтыды, оның залал сомасы 10 миллион теңгеден жоғары болды.
Ал үшінші іс ерекше күрделілігімен ерекшеленіп, шамамен 55 миллион теңге залал келтірілген үш ірі эпизод бойынша тергеу жүргізілді.
Медғат Жүнісовтің кәсіби дайындығы, талдау қабілеті және табандылығының нәтижесінде аталған қылмыстар толығымен ашылып, күдіктілер анықталды. Тергеу барысында жиналған дәлелдер сотта айыптау үкімдерінің негізіне алынды.
Абай облысы полиция департаментінің басшылығы Медғат Жүнісовтің марапатталуы — азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау, киберқауіпсіздікті нығайту және ішкі істер органдарына деген қоғам сенімін арттыру ісіндегі оның еңбегінің лайықты бағалануы екенін атап өтті.
