Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер 100-ге жуық оқушыға профилактикалық дәріс өткізді

Абай облысында құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға бағытталған "Заң мен тәртіп" идеологиясын іске асыру аясында республика көлемінде "Адал полицей" атты кең ауқымды акция жүйелі түрде өткізілуде.

Аталған бастама қоғамда заңға құрмет пен әділдік құндылықтарын қалыптастыруды, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Осы акция шеңберінде Затон полиция бөлімінің қызметкерлері №40 орта мектебінде мазмұнды әрі тағылымды кездесу ұйымдастырды.

Іс-шараға мектептің 100-ге жуық мұғалімдері мен оқушылары қатысып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті дамыту және заң талаптарын бұлжытпай орындаудың маңызы жөнінде кең көлемде ақпарат алды.

Кездесу барысында қатысушыларға арнайы дайындалған бейнематериалдар көрсетіліп, онда сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсері, оның әлеуметтік және моральдық салдары жан-жақты түсіндірілді.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнама талаптары, құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері және әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі туралы нақты мысалдар келтіріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара интерактивті форматта өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алу мүмкіндігіне ие болды.

Мұндай ашық диалог жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға, адалдық пен әділдік қағидаттарын бойына сіңіруге оң ықпал ететіні атап өтілді. Бұл бастама қоғамда заң мен тәртіпке деген сенімді арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру