"Қауіпсіз жол" ЖПІШ: Абай облысында полицейлер 130-ға жуық құқық бұзушылықтың жолын кесті
Абай облысында полицейлер "Қауіпсіз жол" профилактикалық шарасының нәтижесінде 130-ға жуық құқық бұзушылықтың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында Абай облысындағы тәртіп сақшылары "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Іс-шараға полицейлермен қатар, азаматтық қоғам өкілдері — "Автомобильшілер қоғамдық бірлестігінің" жетекшісі Болат Жүнісбаев және Абай облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қолдау орталығының басшысы Серік Байғалиев қатысты.
Шара барысында 130-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Алайда бұл шараның басты мақсаты — жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Деректерге сүйенсек, міндетті сақтандыруды рәсімдемеу – 8 факт, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану – 13 факт, қауіпсіздік белдігін тақпау және жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу – 25 факт, жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзу бойынша 25 факт тіркелген.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мен "ОСА" қоғамдық бірлестігінің өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қауіпсіздік белдігін тағудың маңызын, телефонды көлік жүргізу кезінде пайдаланудың қаупін, жаяу жүргіншілердің өздеріне арналған жол бөлігін дұрыс пайдалану ережелері толық түсіндірілді. Полицейлер профилактикалық жұмыстың тиімділігі тек рейдтік іс-шаралармен шектелмей, қоғам тарапынан да қолдауға ие болған кезде арта түсетінін атап өтті.