Абай облысында полицейлер бірінші сынып оқушыларына жол ережесіне арналған боямақтар таратты
Абай облысында полицейлер бірінші сынып оқушыларына жол ережесіне арналған боямақтар таратты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылының басында Абай облысының полицейлері балалармен профилактикалық жұмыстың тың әдісін қолданды. Өңірдегі мектептердің бірінші сынып оқушыларына жол қозғалысы ережелерін үйретуге арналған арнайы боямақтар сыйға берілді.
Бұл бастаманың мақсаты – балаларды жолдағы қауіпсіздік қағидаларымен ойын түрінде таныстыру. Бағдаршамдар мен жол белгілерін, көше көріністерін бояу арқылы бүлдіршіндер жаяу жүргіншінің дұрыс әрекеттерін меңгереді, алған білімін бекітіп, қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын қалыптастырады.
Полицейлердің айтуынша, осындай көрнекі әрі қызықты әдістер балалардың ақпаратты тез әрі тиімді қабылдауына ықпал етеді. Бұл тәсілде бала тыңдаушы ғана емес, үдеріске белсенді қатысушы ретінде профилактикалық жұмыстың нәтижелілігін арттырады.
– Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды ерте жастан бастау қажет деп санаймыз. Бала жол қозғалысы ережелерін қаншалықты ерте меңгерсе, көшеде өзін соншалықты жауапкершілікпен ұстайды, – деп атап өтті Абай облысының полиция департаменті.
Бұл акция "Назар аудар, балалар!" жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүргізіліп жатқан кең ауқымды жұмыстың бір бөлігі болды.