Абай облысында полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Абай облысында полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда алаяқтар алдаудың жаңа түрлерін меңгеріп, интернет арқылы азаматтарды оңай шырмауына түсіруде. Осыған байланысты Жарма аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қалбатау ауылының тұрғындарымен кездесіп, интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындармен ашық форматтағы әңгіме барысында полиция қызметкерлері нақты мысалдар келтіріп, "оңай олжа" уәде ететін күмәнді сілтемелер мен жалған онлайн дүкендердің арбауына түсіп қалмаудың жолдарын түсіндірді. Іс-шара барысында ақпараттық жадынамалар таратылып, әр тұрғын "сандық сақтықтың" қарапайым ережелерін үйреніп қайтты.
- Интернеттегі қауіп — көзге көрінбейтін, бірақ салдары өте ауыр болуы мүмкін. Бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерге өтпеңіз, жеке деректеріңізді ешкімге жарияламаңыз, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Ауыл тұрғындары да бұл кездесудің пайдасын атап өтті. Кейбіреулері өз таныстарының немесе туыстарының алаяқтарға алданып қалғанын айтып, нақты мысалдар келтірді.
Полиция азаматтарды интернеттегі кез келген операция кезінде сақ болуға, күмәнді хабарламалар мен қоңырауларға жауап бермеуге шақырады.