Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер колледж студенттеріне қауіпсіздік сабағын өткізді

Абай облысында полицейлер колледж студенттеріне қауіпсіздік сабағын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Семейдегі "Авиценна" колледжінде Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлері профилактикалық іс-шара өткізді. Студенттермен кездесуге киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының және қоғамдық қауіпсіздік басқармасының өкілдері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениеті мен жеке және қоғамдық қауіпсіздік шаралары жөніндегі білім деңгейін арттыру, сондай-ақ нақты өмірде және интернет кеңістігінде өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Кездесу барысында полицейлер кәмелетке толмағандар тарапынан жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлерін егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Әсіресе буллингтің, ұрлықтың және алаяқтықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Полицейлер студенттерге бөтеннің мүлкін ұрлау – жеке заттар, телефон, ақша немесе техника бөлшектері болсын – жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі екенін атап өтті. Мұндай әрекеттердің тіпті бір реттік жағдайының өзі қылмыстық жауапкершілікке әкеліп, адамның болашағына теріс әсер етуі мүмкін екені айтылды.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері соңғы жылдары кең таралған интернет-алаяқтық мәселесін атап өтті. Студенттерге жеке деректерін қорғау, фишингтік шабуылдарға, күмәнді онлайн ойындар мен букмекерлік кеңселерге, жалған сайттарға алданып қалмаудың жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жалған ақпарат пен заңсыз контент тарату үшін жауапкершілік бар екені еске салынды.

Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының өкілдері студенттерге электрсамокаттар мен велосипедтерді басқару кезінде жол жүру ережелерін сақтаудың маңызын түсіндірді. Сондай-ақ қоғамдық орындарда әдептілік танытып, бұзақылық пен қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу қажеттілігіне тоқталды.

— Бүгінгі басты мақсатымыз – тек құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, сонымен қатар жастардың заң туралы түсінігін және өз әрекетіне деген жеке жауапкершілігін қалыптастыру. Мұндай кездесулер полиция мен жас ұрпақ арасындағы сенімді диалог орнатуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті полиция қызметкері Әкежан Иманғалиев.

Іс-шара соңында студенттер полицейлерге өмірде кездесетін түрлі жағдайларға қатысты көптеген сұрақтар қойып, пайдалы әрі ашық әңгіме үшін алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру